Жүрекпен сезер әлемнің жарық дүниесін...

Таяуда ғана Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында  көз мүгедектігіне қарамастан өз тағдырластарына үлгі болып жүрген шалқарлық жас ақын Аманжол Мұқанбетқазиевтің жүрекжарды жыр маржандарынан өрілген «Қазағыма ризамын» атты дыбыстандырылған үнтаспасының тұсаукесері болып өтті. Жас ақын бұл үнтаспада өзінің ақындық өнерінің қай кезеңнен бастау алғанын, шыққан биігін, қоғамдағы орнын көрсетуге тырысқан. Күнделікті өмірде мән бермей, тіпті елемей өтетін тұстар ақын назарыннан тыс қалмапты.

Сонымен қатар ақын өз сөзінде бұл таспаның бұл тарихына тоқтала кетті: "Мен атақ, мансап емес, жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді деген ұстанымды ұстанамын. Біздің бұл ісіміз болашақ ұрпаққа салиқалы іс болып қалса менің жеткен зор жемісім. Мен өзімді емес, осы таспаның шығуына үлес қосқан Шалқарлық және Қазақстандық жастарды мақтан етемін! Менің өзімде туа бітті катаракт диагнозы бойынша 1 топ мүгедегімін. Өзімнің тағдырлас бауырларыма және айбынды алаш еліне рухани серпіліс бере білсем Аллаға сансыз шүкір" деп өз ойын түйіндеді.

Шараға арнайы қонақ ретінде ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Жас айтыскер» мектебінің жетекшісі - Қалауов Нұрлыбек Амандаулетұлы және ақын, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры – Қалдина Гүлжайнар Нәренқызы шақырылды. Кеш басында сөз алған кеш қонақтары жас ақынға өз құттықтауларын, жылы лебіздерін, тілектерін және ұсыныстарын да білдірді.

Аманжолдың тың туындыларымен сусындаған қауым, оған қолдау білдірген жандар ақ тілектерін жаудырды. Сонымен қатар үнтаспа тұсаукесеріне арнайы келген облыстық халық шығармашылық үйінің әншісі Қуанышгүл Серікбаева керемет даусымен әнге шөлдеген тыңдармандарын сусындатты.

Шараны қорытындылау сөзі арнаулы кітапхана директоры Хамзина Гүлстан Ғимранқызына берілді. Кітапхана директоры жас талантты құттықтап үнтаспаның тұсау кесу рәсімін қонақтарға табыстады.

Кешке келген барлық оқырмандар мен арнайы шақырылған қонақтарға  жас ақын Аманжол Мұқанбетқазиев  үнтаспасын сыйға  тарту етті. Осындай рухани азық алатын, тағылымы мол сауапты кештен оқырмандар да кеш қонақтары да көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.